СУДА ӨЗІҢДІ ҚАУІПСІЗ ҰСТАУДЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІ
Су айдындары жылдың кез келген мезгілінде қауіпті болып табылады. Жаз мезгілінде суға шомылу және жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіп арта түседі. Әсіресе қатты ағыс (соның ішінде су асты ағыстары), терең иірімдер мен су астының мұздай бұлақтары қауіпті.
Жазда су айдындарында келесі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.
Біріншіден, арнайы жабдықталмаған және бейтаныс жерлерде суға түсуге болмайды.
Екіншіден, суға шомылу кезінде:
• шомылу аймағынан асып жүзуге;
• қозғалып келе жатқан кемелерге, қайықтарға, катерлерге, катамарандарға және гидроциклдерге жақындауға;
• суға сүңгіп, ұзақ уақыт су астында болуға;
• бейтаныс жерлерде, айлақтардан және суға түсуге арналмаған орындардан секіруге;
• ұзақ уақыт суық суда болуға;
• аш қарынға суға түсуге;
• бір-бірін ұстап қалу және сүңгуге байланысты ойындар ойнауға;
• тақтайларда, матрастарда, бөренелерде және үрлемелі камераларда рұқсат етілген шектен тыс жүзуге;
• жалған көмек шақыру белгілерін беруге;
• өзімен бірге иттерді және басқа жануарларды ертіп келуге болмайды.
Тек жүзуді ғана емес, суда демалуды да білу қажет.
Суда демалудың ең белгілі тәсілдері:
Арқаңмен суға жатып, қол мен аяқты еркін созып, денені бос ұстап, терең тыныс алып, біраз кідірістен кейін баяу дем шығару керек.
Егер суға түсу кезінде аяғың тартылып қалса, көмекке шақырып, суға баспен сүңгіп, аяқтың бас бармағын өзіңе қарай қатты тартып, аяқты түзеу қажет.
Егер жүзу дағдың болмаса, шомылу аймағынан алысқа жүзуге болмайды. Бұл өмірге өте қауіпті.





